Альмира Тұрсын: Мен кез келген киноға түспеймін

«Астана» радиосындағы «Минуты счастья с Махаббат Есен» бағдарламасында «Томирис» фильмінің бас кейіпкерін сомдаған Альмира Тұрсын қонақта болды.

21:20, 2 қазан 2019   55

https://astana.fm/kz/archive/programs/adebi-sazdy/minutyschastya_astanafm/1025183

Сақ патшайымы Томиристің рөліне 15 мыңға жуық қазақстандық қыз, соның ішінде көпшілікке танымал Әсел Сағатова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Бибігүл Сүйіншалина және Аружан Жазылбекова сынды отандық 20 актриса үміткер болған. Басты рөлге Ресей актрисалары да қарастырылып, соңында Альмира Тұрсын лайық деп танылған.

ҚазҰУ-де экономист мамандығын тәмамдаған Альмира үшін бұл жоба – кинодағы алғашқы тәжірибесі. Университет қабырғасында жүрген кезінде-ақ көптеген жобаларға шақырту алған Альмира бұған дейін лайықты жобалар болмағанын атап өтті. Сол себепті, кейінірек «Менеджмент және бизнес» мамандығын игеріп, түрлі іс-шараларды ұйымдастырумен айналысты. Ол журналистиканы да игерген, коуч-психолог ретінде өнерлі жастарға өз болашағын жарқын жақтан ашуға көмектесетін жаттықтырушы маман.

Кино әлеміне келген алғашқы қадамы сәтті болған Альмира өзіне кастинг-директор Жайна Әбдиева хабарласып, бағын сынап көруге ұсыныс жасағанын тілге тиек етті. Барлық кинотеатрда 27 қыркүйектен бастап көрсетіліп жатқан фильмнің режиссері Ақан Сатаев, қоюшы-операторы Хасанбек Қыдырәлиев және суретші-қоюшы Қуат Тілеубаев.

Студия қонағы алдағы жоспарларымен бөлісіп, киноиндустрия ұнағанын, болашақта жаңа жобалармен қуантатынын айтты. «Кез келген жобаға қатыспай, мағынасы терең, көрерменге ой саларлық  туындылар болса және сомдайтын кейіпкердің ішкі жан дүниесі сай келсе ғана келісемін», - дейді Альмира Тұрсын.

Толық ақпарат хабардың аудионұсқасында.