Жаңалықтар

Қазақстан және әлемдегі соңғы жаңалықтар

12:00, 27 қараша 2019   54

Елордада «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XVI есеп беру-сайлау Съезі  өтіп жатыр.  Жиында партияның бағдарламалық мақсаттарын орындаудағы қызметі, атқарған жұмыстары туралы ақпарат беріліп, партияның өңірлік филиалдарының жергілікті жерлердегі агроөнеркәсіптік кешен, әлеуметтік сала, ғылым және өндіріс мәселелері бойынша жұмыстары талқыланып жатыр.  «Бұл партия - Ауыл еңбеккерлерінің мүддесін қорғайтын партия»,- дейді Ауыл партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы   Қадыржан  Арыстан.

***

АШМ ветеринарлық тексерісті ескертусіз жүргізеді. Кеден органдары мен өңірлік әкімдіктер ветеринарлық-санитарлық бақылау-қадағалау функцияларының бір бөлігін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына қайтарады. Бұдан былай, министрлік ветеринарлық бақылау инспекторлары шаруашылық субъектілерін аяқ астынан  тексере алады. Бұл өзгерістер биыл қазан айында  Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңына сәйкес жүзеге асырылады. Қабылданған заң аясында ветеринария саласындағы бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді.

***

Желтоқсан мейрамдары қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласындағы  «Қазмедиа орталығы» ғимаратында мұнара сағаты іске қосылады.  Оның ұзындығы 3, ені 18 метр. Электрондық панель ылғал мен шаңнан қорғалған, -50 ° C-ден + 60 ° C дейінгі температура диапазонында жұмыс істей береді. «Электрондық сағатты орнату кезінде қаламыздың климаттық жағдайы, ғимараттың құрылысы мен дизайны ескерілді. Сандық панель қонақтар мен елорда тұрғындарын нақты уақыт туралы, ауа температурасы мен күнін көрсетуге арналған. Сағаттар астананың жаңа танылатын белгісі болады және қала мен оның тұрғындарына дәл және қатесіз қызмет етеді деп сенеміз»-  дейді «Қазмедиа орталығы»-ның бас директоры Ляззат Жүнісова. Сағат Қонаев көшесі мен Нұржол бульвардың жағынан орнатылады.

***

Ұлттық банк  Номиналы  500 теңгелік күміс монеталар сериясынан «Quraq kórpe» коллекциялық монеталарын және номиналы 200 және 100 теңгелік «Kόbelek» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарды. Номиналы  200 теңгелік монета мельхиор қоспасынан, «рrооf-like» сапасымен дайындалған, таралымы – 5 мың дана;  номиналы 100 теңгелік монета мельхиор қоспасынан,  таралымы – 20 мың дана.  Коллекциялық монеталарды «ҚР Ұлттық банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.

***

Англияның «Манчестер Юнайтед» клубының футболшылары мен бапкерлер штабы Еуропа лигасы аясында «Астанамен» ойнау үшін Нұр-Сұлтанға келді.

«Манчестер Юнайтед» мінген ұшақ Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына жергілікті уақытпен таңғы 5-те қонды. Команданың жанкүйерлері де ойыншылармен  бірге келді. Еске сала кетейік, «Астана» — «Манчестер Юнайтед» матчы  ертең  Астана Арена стадионында  сағат 21:50-те басталады. Ойынды Ұлттық арна тікелей эфирде көрсетеді.

http://astana.fm/ru/archive/programs/adebi-sazdy/zhanalyqtar/1051471