Жаңалықтар

Қазақстан және әлемдегі соңғы жаңалықтар

16:00, 28 қараша 2019   65

Мұғалімді заңсыз жұмысқа тартқандарға 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Заң жобасында мұғалімдерді артық жұмысқа тартуға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу қарастырылған. Егер аталған оқиғалар орын алған жағдайда 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл көзделген.

***

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоқыс өртеп, энергия алатын «Энергия қалдықтары» жобасын қолға алды. Министр Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, бұл жоба полигондарға көмілетін қоқыс көлемін айтарлықтай қысқартып, салаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жоба бойынша 6 пилоттық қоқыс өртейтін кешен салу қарастырылған. 2025 жылға дейін термиялық жою үлесін 30 пайызға жеткізу жоспарланған.  

***

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Тимур Дәндібаев  Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында 2019 жылғы Қазақстан әскері қызметінің қорытындысы туралы айтты. Министрдің сөзінше, 2019 жылы 109 командалық-штабтық оқу-жаттығу, 50 мың жауынгерлік дайындық шарасы өткізілді. 60 мыңнан астам әскери оқу негіздері бойынша – мерген, граната лақтырушы, нысанашы, жүргізуші және басқа да мамандар даярланды. Әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындық деңгейі Халықаралық армия ойындары қорытындысында дәлелденді.

***

Сеулде Кореяның Орталық Азия елдерімен достық күні өтті. Шараға аймақтың бес мемлекетінің елшілері, Оңтүстік Кореяның қоғам және саяси қайраткерлері қатысты. Кездесуде ресми Сеул, Нұр-Сұлтан, Ташкент, Ашхабад, Бішкек және Душанбе арасындағы қатынастардың даму перспективаларын талқылады. Сарапшылардың пікірінше, өткен жыл Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардағы бетбұрыс болды. Кездесуге  қатысушылар ынтымақтастықты кеңейту туралы өз ұсыныстарын білдірді. Достық күнін Корея мен Орталық Азия достық қауымдастығы ұйымдастырды. Бұл мемлекеттік емес ұйым жиырма жеті жыл бойы мемлекеттер арасында байланыс орнатып келеді.

***

Елордада мемлекеттік тілге дубляждалған «Мұзды Өлке-2» фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті. Бұл – «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған 33-ші голливудтық өнім. Жоба 2011 жылдан бастап «Болашақ» корпоративтік қоры және «Меломан» компаниясының бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Диснейдің 6 жыл бұрын түсірілген үздік туындысы – «Мұзды өлке» фильмінің жалғасы қазірдің өзінде әлемдік прокатта ең көп қаржы жинаған өнімдер қатарында. Сыншылардың пікірінше, екінші фильмнің желісі күрделене түскен.

http://astana.fm/kz/archive/programs/adebi-sazdy/zhanalyqtar/1051706