«Астана Опера» театрында мамыр кештері өтеді

11:24, 29 сәуір 2019   214

Мамыр айында «Астана Опера» театрының Камералық залында елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына тамаша жарқын концерттік бағдарламалар ұсынылатын болады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

3 мамырда сағат 19:00-де «Севильядан Неапольге дейін» концертінде испан, француз және итальяндық сазгерлердің жалынды туындылары, сондай-ақ неополитандық әндер шырқалады. Камералық зал сахнасында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Капонова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Салтанат Мұратбекова, Ерұлан Кәмел өнер көрсетеді. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың дипломанты Жанар Ахметова.

5 мамырда сағат 18:00-де «Tango Project» концерті өтеді. Музыка, би, вокал керемет үйлесім тапқан бірегей музыкалық жобаны «Art Contrast» аспаптық ансамблі ұсынады.

9 мамырда сағат 15:00-де «Астана Опера» театрының Камералық залында опера солистері, хор және оркестр әртістерінің орындауында соғыс жылдарындағы танымал әндер мен сүйікті әуендер, сонымен қатар қазақ, орыс және батыс еуропалық классиканың озық туындылары шырқалады.

19 мамырда сағат 18:00-де көрермен назарына заманауи камералық музыка ұсынылатын болады. «Жүрекке жол тапқан музыка» концертіне халықаралық байқаулардың лауреаттары Ұлпан Әбдікәрімова (сопрано), Роза Солтыханова (флейта), Манарбек Абаев (кларнет), Динара Қалабаева (фортепиано) қатысады.

25 мамырда сағат 18:00-де виолончельге арналған музыка кеші өтеді. «Виолончель үн қатқан мамыр кеші» концертіне қазақстандық виолончельші Сәния Дүркеева мен оның ұстазы – атақты швейцариялық виолончельші, Цюрих өнер университетінің профессоры Орфео Мандоцци, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері маэстро Абзал Мұхитдиновтің жетекшілігіндегі «Астана Опера» театрының Камералық оркестрі қатысады.