Елордада алма бағы отырғызылды

10:28, 2 мамыр 2019   237

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласындағы ботаникалық бақ аумағында алма ағаштарының көшеттерін отырғызуға қатысты.

Алма бағын отырғызу рәсіміне елорда әкімі Бақыт Сұлтанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен елордалық ЖОО студенттері қатысты. Барлығы алма көшеттерін отырғызуға 400-ден астам адам атсалысты. ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин бақтың аумағында отырғызылған алма ағашының сорттарымен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, атыраулық фермер Тамила Розметова Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі барысында елордада алма бағын отырғызуды ұсынған еді. Елбасының тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі алма көшеттерін отырғызу үшін жер учаскесін жедел түрде әзірледі. Өз кезегінде Т.Розметова елордаға көшеттер жеткізуді ұйымдастырып, жаңа алма сортын Nur-Sultan деп атауды ұсынды.